Т.РАХЫМЖАНОВ
КӨРКЕМ ДЕТАЛЬ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨНЕРДІҢ МӘНІ
Сұлтанмахмұт» трилогиясының авторы — Дихан Әбілев, ең алдымен, — ақын. Ол кең құлашты эпикалық шығармасына кіріспестен бұрын көптеген өлең, поэмалар жазып, қазақ оқырмандарына осы саланың майталман шебері ретінде танылған. Содан болар, автор бұл романында Сұлтанмахмұт ақынның көксеген мақсат-мұраттарын, толғаныс, сүйінішін, яғни, кейіпкер психологиясын жан-жақты ашып көрсетуге күш салады. Сөйтіп: «Әдебиетте ақын бейнесін жасаудан қиямет жоқ. Өйткені, шығармаға бас қаһарман етіп алған ақынның «пәлен уақытта пәлен туралы айтқаны еді, жазғаны еді» деп өлеңдерінен, дастандарынан үзінді (цитата) келтірумен ақын бейнесі жасалмақ емес. Ақынды жаңағы шығармасын жазуға нендей өмір, нендей тағдыр тебірентті? Сол тебіренісі поэзия тілінде қандай қан құйды, жан салды — гәп, міне, осында» (Әбілев Д. «Ақын арманы» туралы сыр.: Сөзстан. — Алматы, 1984, 137 б.), — дейді.
«Әдебиетте ақын бейнесін жасаудан қиямет жоқ», — деп, автордың өзі мойындағанындай, Д. Әбілев бұл роман-трилогиясында Сұлтанмахмұттың шығармашылық өнерінің психологиясын ашуға елеулі еңбек сіңірді. Ол үшін С. Торайғыровтың: «Жарқынбай», «Бір адамға», «Алаш ұраны», «Қамар сұлу», «Адасқан өмір», т. б. өлең, дастандарының шығу тарихына, әлеуметтік себебіне, яғни, оның ақындық өсу, қалыптасу, кемелдену эволюциясына диалектикалық тұрғыдан келеді.
«Сұлтанмахмұт» романында автор мен қаһарманның ара-қатынасында, ақын-кейіпкер мен оның шығармасында оларды өзара жалғастырып тұратын нәзік байланыстар бар десек, жазушы ел ағасы — Көкшағыр хақында өлеңнің шығу себебін екі түрлі тәсілмен суреттейді. Оның біріншісі — ойша елестету. К. Паустовскийдің сөзімен айтқанда: «Ойша елестету — табиғаттың ұлы сыйы. Оның негізі адам баласының болмысында бар» (Паустовский К. Г. Золотая роза. Психология творчества. М., 1991, с. 146).
Романда Сұлтанмахмұттың шығармашылық табиғатын ажарландырып, аша түсетін көрініс былайша сипатталады: «Сұлтанмахмұт түнімен ұзақ уақыт ұйықтай алмай жатты. Көз алдына талай суреттер тізілді. Тамды бұлақтағы ас. Мүсіркеп шешейдің үйі. Ысқақбай жырау. Жанжал. Әнші-жырауды арашалап, Поштабайдың қамшысын қолынан жұлып алып, өзін шықпыртып жүрген ар-намыс арысы — Көкшағыр аға. Қоршау ішінде ызалы тұтқын. Бүгінгі дөң үстіндегі топ» (I, 63).
Шығармада көркем суреттелген үстем тап өкілдерінің әділетсіздігіне, зорлық-зомбылығына төзбейтін Көкшағыр — ақынның замана ағымын, уақыт тынысын бажайлап, дүние-танымдық козқарасын қалыптастыруға көмектескен эпизодтық кейіпкер. Оның найзағайдың отындай жарқ-жұрқ еткен қызба мінезі, жол-жөнекей кездескен қандай қиындық, қырсық болса да қасқайып қарсы тұра алатын табандылығы, намысшыл азамат екендігі Мүсіркеп бәйбішенің үйіндегі қаралы аста көрінеді. Аста жыр жырлаған Ысқақбай жырау Әбунүсіп болыстың парақорлығын, байлыққа, малға көзі тоймайтын дүниеқоңыздығын бетіне басып, оны ақынға тән өткір тілмен аямай сынайды.
Автор әлеуметтік жағдайдан бастау алған осы оқиғаны: «Жырауды арашалауға орындарынан атып-атып тұра келгендер көп еді. Солардың ішінде алдымен Көкшағыр ұмтыла төніп жетіп, жырауды денесімен жаба берді. Құтырып алған Поштабай бұзау тіс қамшысын және ысқыртып үйіріп сілтей бергенде, қатты ашуланып алған Көкшағыр, қамшының өрімінен шап беріп ұстай алды. Өзіне қарай жұлқып сілке тартып Поштабайды етбетінен түсірді. Тұра қашуға үлгертпей, өз қамшысымен Поштабайдың өзін шықпыртып-шықпыртып жіберді» (I, 45) — деп сипаттайды.
Жазушы драмалық шиеленіске толы бұл үзіндіде Көкшағыр туралы өлеңнің шығуына себеп болған әлеуметтік жағдайды сипаттаумен қатар, ұнамды, ұнамсыз қаһармандарды бетжүзі, дене қимылы арқылы типтендіреді.
Романның ендігі бір тұсында Сұлтанмахмұт Сарыарқа өңіріне қаталдығымен аты мәшһүр болған Шорманның ауылында болады. Атақты әулеттің артта қалған мақтан сүйгіш мұрагері — Сәдуақас Шорманов ақынды байлығымен таңқалдыру үшін «Қос үймен» таныстырады:
«Үйдің есігінен басқа айнала қабырғаның бәрі жиюлы жүк, қызыл, жасыл, сарғыш, көк бояулы қымбат жасау, көлбей тартылған кемпірқосақ тәрізді» (І,284).
«Енді «Мына үйге барайық!» — деген Сәдуақас, тарамысты ұзын саусақтарымен төрдегі перде-шымылдықты ашты. Әкесінің патшадан сыйлыққа алған алтын тон, асыл қазыналарын көрсетті» (I, 285).
Ақын Шорман ауылына барған әсерінен туған «Қос үй» өлеңі осындай жағдайда жазылған.
Қазақ тілі мен әдебиеті,
10,11,12, 1992 ж. (үзінді)