#

Қ.ЕРГӨБЕКОВ

КІРІСПЕ СӨЗ НЕМЕСЕ МӘСЕЛЕНІҢ ҚОЙЫЛЫСЫ

1. Қазіргі уақыт — қызық уақыт, қиын да күрделі уақыт. Шын мәніндегі сөз бостандығына қол жетіп, уақыт қиракездігінен көз жазып қалған талай аяулы арыстарымызды ақтап, ашып, халыққа қайтарып жатырмыз. Қайта ашылып, дүниеге қайта келген алыптармен көзайым жүздесуден - бұрыннан халық мойындаған асылдарымызға уақыт жетпей, сәл кенже қалып бара жатқан секілді. Шынтуайтында қайта ашылған «жаңа» мен есесі толмаған, жете індетіліп болмаған «ескіні» қатар ұштастыра, жарыстыра, сабақтастыра жіті зерттер болсақ қана ұтамыз. Бұл орайда, әр буын қазақ ғалымдары ақи-тақи аштық, кәміл қалыптастырдық деген жеке ақын, жазушылардан бастап, тұтас-тұтас дәуірлерге дейін жаңа уақыт көзімен қайта қарап, дұрысымыз қайсы, бұрысымыз қайсы — соны бір ой елегінен өткізіп алмағымыз абзал. Неге десеңіз, жете зерттедік, жекетану ретінде қалыптастырдық дейтін абайтану, махамбеттану, сұлтанмахмұттану секілді ілгері ілімдердің де күн тәртібіне көтерілген жаңа мәселелері туындап отыр бүгін. Абайдың тұңғыш биографы Әлихан Бөкейхановсыз, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовсыз, олар жазған сын-зерттеу, арнауларсыз ұлы ақынды жіті таныдық деу, әйгпесе Халел Досмұхаметовсыз Махамбет ақынды, Жүсіпбек Аймауытовсыз Сұлтанмахмұтты зерттеп, танып білдік деу — ұшқарылық болар еді. Сондықтан М. Әуезовтің абайтануға, Қ. Жұмалиевтің махамбеттануға, Б. Кенжебайұлының сұлтанмахмұттануға сіңірген еңбегін жеке-жеке ілім қалыптастырған қайраткерлігін зор сүйіспеншілікпен бағалай отырып, аталған (аталмаған) ақын-жазушылардың асыл мұрасына да қайта бір оралып ыждағатты үңілу — қастерлі парыз. Ендігі міндет — аталған ұлы ақындар (және олардың ақындық айналасын) әдеби мұрасын ғана емес, сол ілім (абайтану, махамбеттану, сұлтанмахмұттану, т. б.) қалай басталып, қалай қалыптасқанын қат-қабат қарастыру. Осындай ойды нысана еткен біз бүгінгі мақаламызда сұлтанмахмұттанудың бүгінгі уақытқа орай туындаған кейбір мәселелерін әңгімелеп, алда тұрған міндеттерді айқындауға арнадық.

Сұлтанмахмұт Торайғырұлы — қазақ халқының сүйікті перзенті, асқан дарынды ақыны. Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі тұтас дәуірді айқындап тұрған тұлғалы талант, ұлы ақын. Аз жасаса да соңына аса бай, мейлінше қызықты әдеби мұра қалдырып өткен классик ақын. Ақын есімінің өшіп кетпей, ұлтшыл санатта жабық қалмай, бүгінгі ұрпаққа маңдайы жарқырап жетуінде — көрнекті ғалым, профессор Бейсембай Кенжебайұлының зор күрескерлік әрекеті жатыр. Ақын ғылыми өмірбаянын түзу, жинақтарын асқан ыждағаттықпен ғылыми өреде құрастыру, текстологиялық жұмыстар жүргізу, өмір белеңіндегі айтқызбаған кезеңдерді деректі-көркем әңгіме түрінде жазу, ұлтшылдық қарғыс таңбасы басылып жауып тастаған өлендерін мақалаларында атын атамай, түсін түстемей насихаттау... міне қыран жүрек ғалым Бейсекең атқарған істердің қайсыбірі осылар. «Ризамын не көрсем де осы жолда» (С. Торайғырұлы) деп ақын айтқандай, Бейсембай Кенжебайұлының, Сұлтанмахмұтты ақтау, жақтау, сөйтіп үлкен ілімге айналдыру жолында көшпеген бейнеті, көрмеген құқайы жоқ. Бұл — дербес әңгіме еншісі...

Б. Кенжебайұлы бастаған әр буын зерттеушілердің байсалды, табанды әрекеті арқасында сұлтанмахмұттану бүгінгі күнге арналы ілім, жемісті жеке тануға айналып жетті. Бұлай деу айтуға ғана оңай. Әйтпесе Сұлтанмахмұттай асау жүректі ақын басының саяси дау-шарлардан аршылып жеке ілімге айналмағы қайдан оңай болсын?! Бұл ілімнің (сұлтанмахмұттану) «тар жол, тайғақ кешуі» мол-ақ. Сұлтанмахмұттану қастерлі ілімге айналғанға дейін талай-талай қатерді бастан кешті, қасиетке айналғанға дейін талай рет қасіретке соғып-соғып өтті. Қайтесіз уақыт қиракездігі, табысуға тартыншақ, тартысуға тұрысқыш қазақ табиғаты. Міне осындай уақыт ауырлығынан, қазақ оқымыстыларының алты бақан алауыздығынан сұлтанмахмұттануда көп «ақтаңдақтар» пайда болды. Ол «ақтаңдақтарды» шешуді қаншама ғұлама, қайталанбас оқымысты болуына қарамастан аға буын еншісіне саясат бұйыртпады. Олқылық орнын толтыру бүгінгі, ертеңгі буын зерттеушілер міндеті. Әйтсе де сол көшпелі зерттеуді талап ететін келелі көп мәселенің қайсы-біріне тоқталамыз.

Ең алдымен өкініп айтар жай — С. Торайғырұлының өмірі мен шығармашылық тағдырына қатысты жазба құжаттардың жоқтығы. Ақыннан небәрі үш фото-сурет сақталып жетті. Басқалай жазбалай ресми документ жоқ. Сондықтан ақынның жарық дүниеге келген күні, айы, жылынан бастап даулы. Тіпті ақын шығармашылығын зерттеушілер де оның туған жылын әртүрлі таниды.

Біреулер С. Торайғырұлы 1892 жылы, енді біреулер 1893 жылы, тағы бір зерттеушілер 1894 жылы туған деп біледі. Ақын туған-жылдағы ала-құлалықтың бас себебі — қатталған құжат, нақты документтің (тууы туралы куәлік, паспорт дегендей) жоқтығы. Сонымен бірге орысша, қазақша және ескіше, жаңаша жыл санау ерекшелігінен туындайтын айырмашыдық әсері. Ақын туған жылды долбар-топшылауға итермелейтін үшінші бір жағдай өзінің ауырып, өліммен арпалысьш жатып жазған өлең, айтқан қоштасу сезіндегі әрі-сәрілік. Ең соңында, өзі емес, өзгелер көбірек араласып жинақтаған өлең соңындағы шығарма жазылған ай, күн, жұлдызының дұрыс қойылмауы да көп себеп бұл ретте.

Бар мәселе — ақын туған жылға ғана тіреліп тұрған жоқ. Алым-берім бірер жылға соншалық шұқшиып, соншалық өкінішке айналдырмауға да болар еді, егер ақынның ғылыми өмірбаяны мейлінше дәлдікпен, мейлінше мол дерекпен түзілер болса. Мәселенің бұл жағы оның туған жылынан әрмен даулы. Бір зерттеушілер С. Торайғырұлы тапшыл ақын дейді. Енді біреулер тапшыл емес, ұлтшыл ақын дейді.

Зерттеушінің бірі — ақын дүниетанымы қайшылықты десе, енді бірі қайшылықты емес дейді. Ақыр аяғында ақынды былай қойып, өзді-өзі айтысып, жаға жыртысып, есе қайтарысып кетеді, кейбір зерттеушілеріміз. Бұл да жаңарған уақытқа орай жаңаша келіп, қайта қарастыратын мәселе!

Тағы бір ойланарлық табанды түрде атқарарлық мәселенің нобайы — ақын шығармаларының тағдыры. Хронологиялық түрде айтсақ, ақын шығармалар жинағын алғаш Бернияз Күлеев 1922 жылы Қазанда бастырған. Ақын шығармаларын жинап, өмірбаянын түзіп, алғы сөз жазып бастырмақ болған Ж. Аймауытовтың жасаған игі әрекеті, оның өзі ұсталып кеткеннен кейін, 1933 жылы шала шарпы жүзеге асқан. Әріден жоғалумен келе жатқан асыл туындылардың отызыншы жылдары және бірсыпырасы қолды болған, жоғалған.

Көзі тірісінде «Тамшы», «Тентектің жиған шоқпары» секілді тұтас-тұтас жинақтары жоғалса, 1933 жылы ақын күнделігі, хаттары саяси қуғын әсерінен шығармалар жинағына енбей қалады да, кейін ізім-қайым жоқ болады. Іздеген кісіге, ыждағаттаймын деген талапкер жанға бұл да бір ынтығып кірісер, талмай сабылып іздер іс.

Ақиқат,

№8, тамыз, 1992 ж. (үзінді)