#

Р.БЕРДІБАЕВ

ӨШПЕС МҰРА

Сұлтанмахмұт қараңғылық басқан қазақ көгіне «өрмелеп шығып күн болуды» ойлаған, қазақ халқының кемеңгер перзенті еді. Міне, ақынның қайтыс болғанына отыз бес жыл толды. Бірақ, оның есімі халықтың жадынан шығар емес. Ақын мұралары халқымыздың өткен өмірінің дәл шежіресі секілді қадірлі. Өйткені, әрбір ұлы ақын сыяқты Сұлтанмахмұт өз заманының рухын, көңіл күйін шыншыл көрсете білді. Ол шығармаларында өз жүрегін тебіренткен, айтпауға болмайтын жайларды ғана жырлады. Сондықтан оның әрбір өлеңі халықтың арманына, тілегіне терең ұштасып отырды. Ақынның асыл сөздері ел жүрегінен үндестіік тапты. Сұлтанмахмұт шығармалары нағыз халықтық шығармалар. Оның поэмаларында, лирикалық өлеңдерінде қазақ халқының ойы, салт санасы, мінезі сондай айқын, дәл суреттеледі. Сұлтанмахмұт мұралары өз заманының айнасы сыяқты. Біз одан сол замандағы әлеуметтік теңсіздікті, халық санасындағы өзгерісті барлық қайшылығымен көреміз. Бұл ақынның кінәсі емес, қайта ұлылығы деп білеміз. Өз табиғатын жасырмай, шындықты іздеп, сол жолда адасуға, да ұшырағанын бар даусымен айта білген адамды шыншылдығы, таза ниеті үшін айыптау кешірілмес өкініш болар еді.

Сұлтакмахмұт өз елінің адал азаматы болды. Ол халықтың басындағы ауыр қасіретті терең түсінді. Зорлық пен зұлымдыққа қарсы айбынды үн көтерді. Ақын, әсіресе, рухани езудің тілсіз құрбандығы болған қазақ әйелінің ауыр тағдырын тебірене жырлады. Оның «Қамар сұлу» сыяқты шығармалары ашынған жүректің қанымен жазылды. «Кедей» поэмасы қазақ еңбекшісінің ауыр халін, қазақ сахарасындағы езушілікті аяусыз әшкереледі. Кемеңгер ақын өз қоғамының барлық құбылысын көрсете білді. Оның шығармалары алған мәселесінің кеңдігі, тереңдігі жағынан Абай дәстүрін ілгері дамытты. Сұлтанмахмұт қазақ әдебиетінің Абайдан кейінгі ең биік асқары. Ол қазақ өмірінің шындығын жырлаған нағыз ұлттық ақынымыз еді. Өзімен тұстас ақынның ешқайсысы да дәл Сұлтанмахмұттай поэзииясын жалпы халықтық дәрежеге көтере алған жоқ.

Сұлтанмахмұт өз заманының рухын мейлінше кең көрсете білген классик ақын. Қазақтың классикалық поэзиясының ардақты өкілі. Біз ұлы ақынның есіміне бас иеміз. Осындай дана ақынымыз болғанына мақтанамыз.

Азамат ақын қазақ халқының бақытты, мәдениетті ел болуын өмірлік арман етіп еді. Сол үшін де, ол өзіне «қараңғылықтың көгіне күн болмағанда кім болам» деп өршіл мақсат қойған болатын. Халықтың ғазиз ұлының сол арманы қазір орындалды. Қазақ халқы мәдениетті, азат ел болды.

Сұлтанмахмұттан зор әдеби мұра қалды. Бұл халқымызға қалдырған ақынның аманаты. Сол мұраны қадірлей білуіміз, оның алтын нәрін ала білуіміз керек. Шығармалары халықтың рухани өміріне терең қабысқан ақын мұралары әрбір оқушыға қымбат, әрі сүйікті. Сұлтанмахмұтқа берілген ең үлкен баға да осы. Мұндай сүйіспеніпілікке әдебиеттің асқан алыптары ғана ие бола алады. Сол алыптың бірі - қазақтың халықтық, классик ақыны - Сұлтанмахмұт. Ол қазақ әдебиетінің көгіндегі жарық жұлдыздың бірі. Қазақ халқы мәдениеттің биігіне өрлеген сайын, өткендегі мәдениет күрескерлеріне, ақындарына өшпес ескерткііп жасай береді. Ол ескерткіш ақынға деген халық махаббаты.

Қазақ әдебиеті,

№20, 20 май, 1955 ж.