#

Ә.ДЕРБІСАЛИН

С.ТОРАЙҒЫРОВТЫҢ «КІМ ЖАЗЫҚТЫ?» ПОЭМАСЫ ТУРАЛЫ

ҚАЗАҚ әдебиетінің көрнекті өкілі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен творчествосы орта мектептің IX класында жеке тарау болып оқылады. Ақынның творчестволық мұрасына байланысты оқулықта бірсыпыра материалдар берілген. Бұл материалдар әсіресе оның лирикалары мен «Қамар сұлу», «Адасқан өмір», «Кедей» поэмаларын талдауға арналған. Ақынның IX класта программа бойынша оқылатын «Кім жазықты?» поэмасы жөніндегі оқулық материалы тапшы. Осы себепті ұсынылып отырған бұл мақаланың негізгі мақсаты ақынның «Кім жазықты? поэмасы жайынан мұғалімдерге қосымша материал беру болып табылады. «Кім жазықты?» поэмасы өз кезіндегі қоғамдық өмірді суреттеуі, әлеуметтік мәселелерді қоюы мен шешуі жағынан Сұлтанмахмұт творчествосындағы елеулі табыс болып саналады. Поэмада Әжібайдың өзі, әкесі, баласы арқылы қазақ даласында ұзақ жылдар бойы үстемдік етіп келген билеуші таптық үш ұрпағы көрсетілген. Поэмадағы басқа мәселелер осылардың төңірегінде суреттеледі. Автор қоғамдық өмірдегі прогресшілдік мәні бар жаңаны Әжібай тобына қарсы қою арқылы танытса, халық өміріне зиянын тигізген ескілікті ғұрыптарды Әжібайлардың ой-дүниесі, әдет-салты, зұлымдық әрекеттері арқылы білдіреді.

Автордың әрбір кейіпкер арқылы оқушының назарын қандай қоғамдық мәселелерге аударғанын, оның сол кездегі қоғамдық өмірді тану, түсіну дәрежесін анықтауда шығармадағы жеке образдарды кеңінен талдаудың көп көмегі тиетіні сөзсіз.

Әжібайдың әкесі Тасболат шығарманың бастапқы бөлімінде нағыз-феодалдық кескін-кейпі, қимыл-әрекетімен көрінеді. Ол «Он бес жыл болыс болған, Меке барған», «Топтан асқан әлді кісі, сол үшін өз табының алдыңғысы». Ет пен қымыздың құлы болған ел әкімдерінің алдында Тасболаттың салмағы міне осындай. Бұл байлық оны қазақ даласындағы орыс чиновниктерінің алдында да үлкен құрметке жеткізеді, еңбекші бұқараны езудің, қанаудың нәтижесінде табылған байлық Тасболатты «Қазақта барып тұрған жуан тұқым» дәрежесіне көтереді.

Тасболаттың әмірге көзқарасы да, әлеуметтік мәселелерді тануы да байлықтың төңірегінен аспайды: малына, байлығына сенген ол үстемдік өз қолынан шығады деп мүлде ойламайды, «Бай кісі бала оқытып «пидие» ала ма?» деп таниды. Болыстыққа таласып, жеңіліп қалғанда ғана Тасболат баласын оқуға береді. Бұл оның биліктен айрылмауға жасаған жаңа бір әрекеті еді. Тасболаттың бұл әрекетінен жалпы қазақ феодалдарының орысша оқуды қандай тұрғыда қарсы алып, қай мақсатта пайдалануды көздегенін айқын аңғарамыз.

Алайда қанына сіңген ескілік Тасболатты кейін тарта береді. Ол Әжібайды болыс ету мақсатымен оқуға бере тұрса да, оны көп кешікпей-ақ оқуынан шығарып алады. Мұндағы ойы - оған Жақаннан қалған жесірді әперу. Жазушы «Қазақтың жесірі деген кесірі бар» дей отырып, сол кесірден әсіресе Тасболаттардың қол үзе алмайтындығын байқатады. Жақанның жесірінің басқа адамға кетуі - Тасболат үшін кешірілмес күнә, өшпес дақ. Міне бұдан оның феодалдық әдет-ғұрыптарды қалайша қорғағандығын көруге болады. Тасболат Әжібайды үйлендіруде де өзінен өзге адаммен санаспайды. Сондықтан ол өз білгенімен Жұмағұл, Жанғабыл сияқты байлармен «сүйек жақын» болуды дұрыс деп табады. Жәмиладан Әжібайдың бас тартқанын естігенде. Тасболат «Бата бұзған не сұмдық» деп қатты қынжылады. Бұл жерде ол қалың малдың босқа кетпеуін ойлау мен феодалдық әдет-салттың сарапқа салынып, тойтарыс көруіне төзбейді. Дегенмен аз да болса заманы өзге Әжібай өне бойы әкесінің ырқына көне бермейді. Жаңылды алмадың деп ағасы Жақанның аруағымен айыптаған әке өкімін естігенде, Әжібай бір кезде бетіне кісі қаратпаған Тасболатқа: «Алмақ түгел тастаймын екеуін де, қақпасым, жүрген жерің бәрі бүлік» деп кетіп қалады. Тасболат биліктен де, өмірден де осылайша бірте-бірте ығысады.

Әжібай - қазақ билеушілерінің Тасболаттан кейінгі ұрпағының өкілі.

Қазақ тілі мен әдебиеті,

2 апрель 1958 ж. (үзінді)