Ә.КЕКІЛБАЕВ
ӨНЕГЕЛІ ӨЛЕҢ
ҰЗАҚ сарылтқан қытымыр қыстан соң, біресе күні күркіреп, нөсері селдеткен, біресе ызғырық соғып, кеше бусанған топырақіы бүгін шыңылдатып қайта қатырып кететін келмек көктем мен кетпек қыс итжығыс түсіп жататын алмағайып апталар болады-ау. Әдетте жұмсақ қыстың арты жұмсақ та, қатты қыстың арты қатты келмек. Қырсық қыңыр адамды қыз мінезіңмен жібіте алмай, ашу шақырып, шарт та шұрт салғыласып барып иліктіресің. Қатты қыстан соң келетін жаңа көктемге де керек мінез осы. Дәл осы бір мезгіл мінезінің аясын одан әрі кеңітіңкіреп, көл-көсір тарихқа, қоғам өмірінің орасан құбылыстарына телір болсақ, онша әсіре ерсілік істеген болмас едік.
Ғасырлар бойы көне дүниені бір өзі билеп төстеген озбыр оппа меңіреу қоғамның аязы мен мұздақ тоңы қай қызылшұнақ қыстан де кем түспек емес. Оны серпілту үшін де ызыльш-сызылмаған күрт мінез көктем керек. Біздің кең даламызды дүр сілкіндірген ұлы революцияның бойында да осынау күрт көктемнің сипаты бар. Қатқыл суық қайратын аямай салатын ақырғы бораңдардай табаны тая бастаған кетешек қоғам да өз бойындағы барша қара ниетін үйіп-төгіп жанталасып бағады. Мұндай қара суықтарда енді қылтиған қылша өскіндердің көбі бесігінде солып, тек тамырын тереңге салған қуатты өскіндер ғана шуаққа жетіп, шешек атады. Оның да талай суық шалып аяз ұрған бүршік, бүрі болады. Бірақ, шуақ мол төгіліп топырақ жылынған соң жарасының орны бітіп жапырақ жарады.
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өнері де осындай қиын көктемде гүл ашты. Ол қалам ұстап, жыр тұлпарының үзеңгісіне аяғын салған тұс екі, алуан таптың жекпе-жек келіп жағадан ұстасқан сәті еді. Бітуәжаның үні өшіп, тек күрес қана күркіреп тұрған-ды. Сұлтанмахмұттың даусы қазақ жыры атанатын ақ орданың шаш төрінен әлі күнге саңқылдап тұр. Өйткені, Сұлтанмахмұт өнері шын шытымыр аязға бас имеген өміршең өскін еді. Өйткені оның тамыры тереңде, туған топырақтың жылы құшағында еді. Сұлтанмахмұт жырлары жалаңаш та жайдақ, сусыз саясыз жапан дүздің бар тұз, бар сөлін түгел сіңіріп, шаң мен суыққа, аптап аңызаққа қаймықпай бой түзейтін дала жусанындай, қазақ өмірінің барша қайшылығы мен қатігездігінен қаймықпай өркен жайған түс перзент жырлар. Онда нұр мен нәр деп телмірген шикісолық мінез жоқ. Өңшең қиынға салып, қияға ұмтылған өжет өлеңдер. Өйткені, ол өмірді сүйеді. Өмірді суйген өскін шөл мен жерден жеңілмей, жаңқиярлық жасап өркен жая бермек. Сәл жасқаншақтық істесе-ақ, семіп қалуы, күйіп, күйреп кетуі оп-оңай. Көк тастың арасына түскен сызатты қуалап нәр іздеген, жақпар-жақпардың жік-жігін аңдып нұр іздеген қияға біткен қылтанақтай өршіл дәме керек. Сұлтанмахмұт өлеңдері де өмірге аттар-аттамастан құлшына, ершелене келді. Алғаш қалам серіпкенде-ақ «Жан қайда әділетті іздейтұғын?» деп тебіренген ақын өзінің барша өмірін ел қамын жеген тынымсыз күресте өткізді. Біз бұл жерде Сұлтанмахмұт күрескер дегенде оның төбесінде желбіреген алтын шашақ ту мен артына ерген қарақұрым қол болды деп отырған жоқпыз. Уақыт соққысына аямай айғыздатқан маңдай, ерте қырауланған самай, ұйқысыз өткен түндер, жасына жетпей деміккен жүрек, алқынған өкпе - қашан да мазасыз күрестің куәгерлері. Бүгінгі мазасыз ой — ертеңгі қиян-кескі күрес. Сұлтанмахмұттың рухани әлемінде жайма-шуақ жайбарақат күндер атымен болған жоқ, оның ой айдыны дәйім буырқаньш жатты. Өлеңдерін оқи қалсақ, ұлы теңіздің тереңнен тебіреніп аласұрған ақ бас толқынының алапат сарынын айнытпай танимыз. Мұнда жайпау жағаға шылып- шылып ұрып сергелдең болған шайпау толқын жоқ, асқар жағамен арпалысқа түскен асқақ толқын бар. Сұлтанмахмұт жырының толқыны - жауынгер толқындар. Өйткені олар дүниедегі ең асау теңіз адам жүрегінің төрінен бас көтерген. Сұлтанмахмұттың даусында ақындарымыз өнеге тұтар ғибрат мол. Оның азаматтық саяси өлеңдері қызыл шоққа түскен құрыштың қып-қызыл табындай ып-ыстық құштарлыққа толы. Онда оқ тимей ойбайлап, жер тепкілеген өтірік ыза мен шараптың буындай ғана өткінші желбірек желпініс жоқ. Үлкен таланттар мәңгі-бақи осал мен олақтықты, кеміс пен кеселді табалап, әжуалап өтпек. Біз олардың мұрасына сәл жолап кетсек-ақ, өз бойымыздан орасан мін тауып ортайып қаламыз. Болмысқа, болашаққа деген алып махаббат жайлаған жүректің құлшына соққан құштарлығы жоқ жерде шын азаматтық лирика болмақ емес. Сұлтанмахмұт жырларынан ыза буған, игіге талпынған жүрек, омырауға сорғалаған ащы жас, ұшқын шашқан жауынгер жанар бәр-бәрі анадайдан андыздап атойлап тұрады. Махамбет толғаулары мен Қүрманғазы күйлерінен улы жасты сырт көзге байқатпай, ішке жұтып, көкірекке түйдек-түйдек домалатқан ащы ызаның атқа мініп жалаулатқан жалынын аңғарушы едік-ау. Сұлтанмахмұтта да сол бар. Бірақ, ол соны заманда соны сипат аяған ыза. Бірақ, осы бір ыза өрши-өріш қарақұрым қара нөпір ереуілдің төбесінде ту болып желбірей алмай, кездейсоқ лепке желпініп кеткен жерлері де болды, аратұра тұйыққа-тығырыққа қамалып, қапаланған сәттері де жоқ емес. Ақынның абзал арманын көлегейлеп кетер көлек тұман да көп-ті: Тарих жайлауынан көшіп бара жатқан кесепат керуеннің ақ шаңыты арман белесінде мұнар перде тұтып, кейбіреулерді алжастырды. Сан қилы соқпақ тоғысқан, сан қилы соқпақ тарасқан ала дөңде мақсат қуып атқа мінген азаматты маңытып бос жолдыбай қылар жалған жол, сұркия соқпақтар да жегкілікті еді. Сұлтанмахмұт та сол хәлді бастан кешті. Бірақ, әу бастағы абзал арман, игі мақсат талай алдамшы құздан аман алып қалды. Аман алып қалған үлкен азаматтық жүрек, үлкен ақындық талант. Әдетте, палуанның палуандығын жыққанына қарап біледі. Сұлтанмахмұттың белдесіп, жауырынын жерге тигізіп, басынан аттаған кесепаты да анау-мынау кесепат емес. Ойы танып ұғу, белдесіп жығу кез-келгеннің емес, бет қаратпас алапат күштің, алып таланттың ғана қолынан келеді. Оның қателері, адасулары болғаны рас. Әйтсе де Сұлтанмахмұт өз артындағы тігер тұяқ - бүгінгі ұрпақтың, келешек ұрпақтың көзіне тура қарай алатын адал суреткер. Сұлтанмахмұт жақсы көктемнің жаймашуағына жетіп, өлеңіне өмір, өріс тапқан маңдайы бес елі бақытты өнерпаз.
Сұлтанмахмұт бар болғаны ширек ғасырдай ғана өмір сүрді. Айналасы он жылдай қаламгерлік құрған ол екі роман, үш поэма, жүздеген өлең, әңгіме, очерктер қалдырды. ЬІлғи таси аққан жомарт бұлақтай көл-көсір талант аз күн өмір сүрсе де бүкіл бір халық әдебиетінің еңсесін көтеріп кетерлік ересен шығармалар берді. Сұлтанмахмұт бар болғаны жиырма шақты жыл ғана өмір сүрген жазба поэзияға Абайдан кейінгі ең үлкен тұлға боп енді. Ол ұлы Абай сияқты жапан түзде жаңғыз жетіліп, байтақ өңірге ұрық таратқан ата бәйтеректің асқар шыңға барып тамыр жайған тас түйін түлегі бола білді. Сұлтанмахмұт ұлы Абай бастаған салиқалы жыр керуенінің алдына шығып, көш басшылар сапынан орын алды. Сұлтанмахмұт Абай тұсындағы тымырсық қапас ауада дауыл сесі білініп, көкте бұлт қордаланып, жай ойнай бастаған тұста сахнаға шықты. Сондықтан да, Сұлтанмахмұт поэзиясында Абай идеалдары мол көрінсе де, оның кескінінде, тынысында қыруар соны сипаттар бар. Абай жырлары - әншейін байбалам, тайыз уәйім емес, өзекті өртеген үлкен дерттің, терең қасіреттің күрсінісі болса, Сұлтанмахмұт жырлары - сол қасіреттің қатерлі ызаға айналып, жауар бұлттай шатырлай бастаған лапылы. Сұлтанмахмұт лирикасында білек түрген өршіл пафос басымдау.
Сұлтанмахмұттың елгезек жүрегі өз тұсының барша болмысын жіті аңдай алды, әсіресе орта қалған олқылығын мүлт жібермеді. Сұлтанмахмұт Абай тіккен реализм туының еңсесін түсірмеді. Бұл ретте дастаншы Сұлтанмахмұттың қазақ поэмасындағы орны айырықша зор. Сұлтанмахмұттың «Кім жазықтысы» мен «Кедейінде» қазақ даласының айдан анық ақиқат кескіні көрінді. Реалист ақын өз халқының иығындағы батпан жүкті бадырайтып көрсетті. Таптық езуді тап басып суреттеді. Осы бір өрт сын Сұлтанмахмұттың «Адасқан өмірінде» де бой көрсетті. Бірақ, сын күңіренген мұңға, күдер үзген сары уайымға ұласты. Торайғыровтың үш дастаны қазақ поэмасының ең бірінші еңсе көтерген асқар биігі. Сұлтанмахмұт - шын мәнінде қазақтың жазба әдебиетіндегі реалистік поэманың түп басы, түбегей тірегі. Сұлтанмахмұттың реалистік поэмалары, қазақтың реалистік поэмасының классикасы. Жап-жас Сұлтанмахмұт қазақ дастанын балаусасын тұяқ баспаған соны жайлауға көшірді. Оған жаңа өріс тауып берді. Сүлтанмахмұт поэмаларының түрлік сипаты қазақ дастанында бұрын-соңды атымен көрінбеген соны дидар. Мұнда дастанның кіндігі - оқиға емес, ашынған жүректе тулаған сезімнің логикасы, сол толғаныс үстіндегі өрбіген ой. Өршіл пафос, өткір ой, жалынды публицистикамен, реалистік картинамен, терең философиямен жымдаса қабысқан бұл поэмалар қазақ поэмасын әлі күнге талпынтып, биікке ұмсынтар асқар асулар, жаңалық жолында жақсы талпыныстар жасап жүрген жас поэзияға ерен өнеге.
Сұлтанмахмұт ұлы Абайды ұстаз тұтты. Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жөнінде ойлағанда ол Абай өнегесін өз тұсындағы басқа ақындардан атымен бөліп, аса жоғары бағалайды. Сұлтанмахмұт қазақ әдебиетіне өлеңмен жазылған алғашқы реалистік роман («Кім жазықты?») берді. Реалистік прозаның негізін салу жолында еңбектенді. Ол - қазақ өмірінен туған тұңғыш реалистік поэмалардың авторы. Ол қазақтың реалистік лирикасын да үздік туындылармен молықтырды. Осынау еңбектерімен ол қазақтың реалистік әдебиетінің классигі ретінде біздің мәдениетіміздің төрінен орын алады.
Сұлтанмахмұт аз жасап, аз қызық көрді. Оз бойындағы барды сарқып беруге үлгергенмен үлкен өмірдің қызығы мен қуанышына ортақтасуға үлгере алмады. Бірақ, оның асыл бейнесі халық махаббатының бесігіне бөленді. Ол - туған жұртымыздың сүйінерге жарайтын сүйер ұлы.
Лениншіл жас,
№233, 28 ноябрь, 1963 ж.