Т.КӘКІШЕВ
СҰЛТАНМАХМҰТТЫҢ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ
Ақын Сұлтанмахмұттың творчесвосын терең зерттеу, оның дүние тануын, идеялық позициясын айқындай түсу үшін осы күнге дейін жеткілікті мән берілмей келген оның публицистикалық шығармаларына тоқтап өткен жөн. Өйткені, публицистикалық шығармалар әрқашан да автордың өмірге өз көзқарасын баяндаудан, осылай болуға тиіс деген бір пікірді насихаттауынан, түсіндіруінен туады, яғни қоғамдық өмірде болып жатқан өзгерістерге автор қолма-қол араласып, өзінің нақты пікірін айтады.
Сұлтанмахмұттың публицистикалық шығармаларында негізінен оқу-ағарту, әйел теңдігі, искусство мен әдебиет және социализм туралы мәселелер әңгіме етіледі.
Сұлтанмахмұт «қараңғы қазақ көгіне күн» болудың бірден-бір жолы - оқу, білім деп таныды. Бұл мәселені ол өзінің көптеген поэтикалық шыгармаларымен қатар, 1912 жылы жазған «Зарландым», 1913 жылғы «Қазақ ішіндегі оқу, оқыту жолы қалай» деген публицистикалық еңбегінің арқауы етті, Қазақ халқын сауаттылық жағынан үш топқа бөлді: әліпті таяқ деп танымайтындар; хадимшыл надан молдадан оқып, мыйларын шатастырып, қара танымай шыққандар; жәдитшілдер. Сұлтанмахмұт осы топтың біріншісіне аяныш сезімін білдірсе, екіншілерін өлтіре сынайды. Ал жәдитшілердің әрбір игілікті қадамын құптады.
Шындығына келгенде, жәдит оқуы «төте оқу», ескі хадимге қарағанда әлдеқайда прогрессивті еді, дін оқуымен қатар шәкірттерге тарих, есеп, география, тағы басқа пәндерден білім берілетін-ді. Мәдениетте кенже қалған қазақ халқы үшін төте оқу системасының қолайлы және прогрессивті екенін түсіне білген Сұлтанмахмұт қазақ халқына «туғаннан бері ата мұрасындай болып сүйегіне сіңіп, көңіліне орналасып қалған надандық шіркін жуырмаңда жақсылық сөзді естірте қояр ма» деп қынжылды.
Қазақ арасында оқу-білімнің таралмауының себептерін Сұлтанмахмұт надандық пен тағылыққа негізделген патриархалдық құрылыстан көргенімен, оны өзгерткен кезде ғана халық ағарту ісін өркендетуге мүмкіндік туатындығын түсінбеді, оған өресі жетпеді. Алайда, тарихи дамудың бағдарынан хабардар Сұлтанмахмұт ең әуелі халық ағарту системасын өркендету үшін қажетті материалдық база жасалуын негізгі мәселе етіп қойды. Ауылда арнаулы мектеп ашу, мұғалім ұстау, оны қаражат жағынан қамтамасыз ету керектігін ашық тұжырымдады.
Бірақ өз баласына «оқуды бүгін бітіріп, ғылымды хатим қылсаң да, бір тыйын шығарып, әперетін кітабым жоқ», - деп тарығатын «құдай сүйген біздің қазақтың» оқу-ағарту ісіне жәрдемдеспейтіні аян болса керек. Және «бұратана» халықты тағылықта, қараңғылықта ұстауды көздеген патша үкіметі бұл мақсат үшін қаражат шаша алмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Сонымен, оқу-ағарту ісінің өрістемеуінің негізгі себебі — материалдық базаның жоқтығы болды.
Қазақ арасында оқу-білімнің таралмауының енді бір мәнді себебі - педагог кадрлардың жоққа тәндігі. Рас, азды-көпті сауаты бар, көзі ашық адамдар байлар мен молдалардың ызыңын естімеу, материалдық езгісін көрмеу үшін оқу-ағарту мекемелерінен іргесін аулақ салды. Сондықтан да жаңа молдалар ескі оқу жүйесімен сабақ беруге, «жұрт баласын өз қолымен бүлдіруге беті шыдамайды да, көзіне күйік қылғанша, бойын таса қылып өлгісі келеді» — деп жазды Сұлтанмахмұт.
Сонсын, Сұлтанмахмұт оқу системасының өмірге жанасымды емес екендігін сынады. Тыянақты, қалыптасқан оқу программалары мен оқулықтардың жоқтығы, шәкірттерді білім дәрежесіне қарай класқа бөліп оқыту тәртібінің еңгізілмеуі мұғалім еңбегін еш етті. Мұның үстіне «үлкендердің», «құдай жолын көріп келгендердің» молданы еркіне жібермеуі және менің балам жүйрік, зерек, жорға деп, қу кедейдің «жетесіз», «жалқау» баласынан бөлек оқытуды талап етуі шәкірттерге сапалы білім беруге тосқауыл бола берді. Сондықтан Сұлтанмахмұт «мұғалімдердің жүгін жеңілдету жағын қарастыру керек» деген мәселе көтерді. Ол халық ағарту системасы жөнінде өзінің айқын жоспарын, алған бағытын баяндай келіп: «Тегінде, малым көп деп басты қақайтқанға оқу, білім табылмаса керек. Бір аяқ саумал бермей қояр деп қорқатын, оқу байлардың қасындағы көршісі емес қой. Оқу бай, кедей, жақсы, жаман деп танымайды, кім іждаһаттанып ықласын салса, оқу соған табылады» деген бірден-бір дұрыс қорытынды жасады...
Лениншіл жас,
№75,22 июнь, 1956 ж. (үзінді)