#

М.БАЗАРБАЕВ

СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ

1920 жылы, 21 май күні қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров қайтыс болды. Сұлтанмахмұт Абайдан кейін қазақ елі ішіндегі әлеуметтік теңсіздікті жете көріп, оны өз шығармаларының негізгі арқауы ете білген, талантты шебер ақын болды. Сұлтанмахмұт өзінің құнды поэма, роман, өлеңдерімен қазақтың Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейінгі дәуіріндегі бұқарашыл ақын-жазушыларының бірсыпырасын ақындық, шеберлік жағынан да, алға қойған мақсат-тілегі жағынан да әлдеқайда жоғары дәрежеде тұрды. Ақын Россияда революциялық толқулар күшейіп, бір жағынан империалистік соғыс жүріп жатқанда, екіншіден бұлардың дүмпуі Қазақстанға да келіп, ұлт-азаттық қозғалысы өрістеген дәуірде өмір сүрді. Ақырында, ол 1917 жылғы екі революцияның да куәсі болып, советтік құрылыстың алғаш басталу кезеңін де өз көзімен көрді.

Бұл тарихи жағдайлардың бәрі де Сұлтанмахмұт творчествосына белгілі дәрежеде әсер етпей қойған жоқ. Ол мүмкіндігінше бұл өзгерістердің мән-жайын жете білуге, оның ішкі маңызын түсінуге тырысты. Өмірге қайткенде шындыққа, әділеттікке жетуге болады деген тілек тұрғысынан қарады. Ақын 1914 жылы «Ендігі бет алыс» деген өлеңінде:

Шындықтың аулын іздеп түстім жолға,

Разымын не көрсем де осы жолда.

Шаршармын, адасармын, шалдығармын,

Бірақ, бір табармын деп, көңілім сонда, -

деп өзінің алдына зор мақсат қояды.

Ақын бұл мақсатқа жету жолында көп қыйыншылықтардан, ізденулерден, адасулардан да өтті. Терең білімнің жоқтығынан тарихи жағдайға дұрыс қорытынды жасай алатын дәрежеге жете алмаған ақын 1917 жылғы февраль революциясының тұсында саяси қателесті. Бұл революцияның буржуазиялық-демократиялық революция екенін түсінбей, ұлтшылдық сарында өлеңдер жазды. Алайда, ақын көп ұзамай бұл қатесін түсінеді. «Жас жүрек» өлеңі мен «Адасқан өмір» поэмасында қателескенін мойнына алады.

Бұл күнге адасудан көз ашпадым,

Не нәрсені көздесем тап баспадым.

Дүниеден басқа рахат тілемеймін,

Кеш, арым, мен білместің адасқанын! –

деп жазды ақын «Жас жүректе».

«Сұлтанмахмұттың ақындығы» деген еңбегінде ақынның творчествосын филология ғылымының кандидаты Б.Кенжебаев 1909-1915 және 1917-1920 жылдар деп негізгі екі дәуірге бөледі. Бұл бөліс ақын шығармаларының ілгері дамып өсу жолын көрсету тұрғысынан қарағанда да және олардың тақырып мазмұндық өзгешеліктерін көрсету жағынан қарағанда да орынды, дұрыс бөліс...

Лениншіл жас,

№60, 21 май, 1950 ж. (үзінді)