#

Е.ИСМАИЛОВ

СҰЛТАН-МАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ (Қайтыс болғанына отыз жыл)

Сұлтан-Махмұт Торайғыров қазақтың жаңа жазба әдебиетінің тарихында іргелі орын алатын, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін, қоғамдық шындығын кеңінен қамтып жырлаған, бұқарашыл бағыттағы ақын-жазушы. Сұлтан-Махмұт, өзінің реалистік шығармаларымен, әсіресе, өзіне дейінгі қазақ әдебиетінде жоқ прозалық жанрдағы шығармаларымен қазақ әдебиетіне зор үлес қосты. Көптеген лирикалық шығармаларымен бірге, ол қазақ поэзиясына «Кедей», «Адасқан өмір» сыяқты заманның әлеуметтік мәселелерін түйіндеп жырлаған жаңа поэма үлгісін енгізді. Ол әдебиет сыны, публицистикалы мақалалар жазуға да белсене қатнасты. Осындай творчестволық күрделі еңбегімен Сұлтан-Махмұт, революция алдындағы әдебиетіміздің даму процесінде үлкен орын алады. Рас, Сұлтан-Махмұттың өмірі мен творчествосы көп уақытқа шейін, марксистік әдебиет тану тұрғысынан дұрыс зерттеліп, тиісті бағасын ала алмай келді. Сұлтан-Махмұттың әдебиеттік мұраларын, әлеуметтік көзқарастарын, жазушылық ерекшеліктерін бағалауда толып жатқан теріс сындар, ұшқары пікірлер болды. Кейбір әдебиетшілер Сұлтан-Махмұт буржуазияшыл-ұлтшыл ақын, оның шығармаларында іске татырлық, үлгі аларлық ешнәрсе жоқ деді. Екінші бір әдебиетшілер, Сұлтан-Махмұтты революцияшыл-демократ, социализмді жырлаушы, совет идеясына толық келіп болған, В. Маяковскиймен теңелген ақын деп асыра дәріптеді. Шынында, бұл сыяқты ұшқары пікірлердің қай-қайсысы болса да Сұлтан-Махмұт шығармаларын жан-жақты зерттеп, дұрыс бағалауға ешқандай жәрдем ете алған жоқ. Қайта, Сұлтан-Махмұт творчествосындағы құнды қазнаны сын көзімен талдап, пайдалануға, идеялық қайшылықтарын ашуға теріс әсерін тигізді. Өткендегі әдебиет мұрасын сын көзімен зерттеп, баға беруде марксизм-ленинизм классиктерінің жарық жұлдыздай адастырмайтын қағидалары бізге әлдеқашан айқын болатын. Әсіресе, Лениннің революцияшыл-демократтар мен ағартушылар туралы, Л.Толстой туралы еңбектері біздің әдебиет тарихымыздағы Абай, Ыбрай, Сұлтан-Махмұт, Спандияр, Сәбит Дөнентаев сыяқты ағартушы ақын, жазушыларымызды дұрыс түсініп, зерттеуімізге методологиялық негізгі құрал болды. Оның бержағында, партияның идеология мәселелері туралы соңғы жылдардағы тарихи қаулылары бұрынғы мәдениет мұраларын сын көзімен қарап, терең зерттеу жөнінде нақтылы жол көрсетті.

Сұлтан-Махмұт Торайғыров 1893 жылы 28 октябрьде қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туып, 1920 жылы 21 май күні, өзінің туған жерінде қайтыс болды. Арғы аталары Орта жүздің іргелі руы—Сүйіндік ішінде атақты ірі феодал, би (Торайғыр, Шоң) болса да, ақынның өз әкесі Шоқпыт бертінде өте кедейленіп, көбінесе, жалшылықпен күн көреді. Сұлтан-Махмұт жастайынан өмірдің ең ауыр соққысына ұшырайды. Туған шешесі бір жасында өліп, жетім қалады. Тұрмыстың ауыр азабы, өгей шешесінің көрсеткен қорлығы, өзімен замандас бай балаларының басынып, қорлық мінездер көрсетуі, ауылдағы діни оқуда молдалардан соққы көруі, Сұлтан-Махмұтты жастайынан ойландырьш, толғандырып өсіреді. Сұлтан-Махмұт ауыл жерінде зор қыйындықпен мұсылманша (молдалардан есігінде жалшы болып жүріп) оқып, хат таныйды, өз бетімен әдебиет кітаптарын оқып кетуіне мүмкіндік алады. Сонымен бірге, оның шешендік сөзге, поэзияға құмарлығы, икемділігі арта береді. Оқып жүргенде, жазған бірлі-жарым өлеңдері үшін Абдрахман сыяқты ескішіл молдалардан қуғын да көреді. Бірақ, талапты жас қанша талпынса да қараңғылық, ескілік тұманы басқан ауыл ортасында қанатын кең жаза алмайды, білімі де, талақты да өрістей қоймайды. Ақырында, оқу оқьш, білім алу үшін 1911 жылы Тройцк қаласына барады.

Бұл қалада Сұлтан-Махмұт бір жағынан оқып, екінші жағынан сол кездегі бұқарашыл бағыттағы, жаңашыл ой-пікірлі, алдыңғы қатарлы жазушы М. Сералин басқарған «Айқап» журналының төңірегінде жазу жұмысымен айналысып, өзінің идеялық, творчестволық бағытын анықтайды.

Сұлтан-Махмұт ерекше жігерімен кірісіп, көп оқыйды және көптеп жаза бастайды. Осының нәтижесінде, 1911 —1915 жылдар арасында ол мейлінше тез өсіп, сол кездегі алдыңғы қатарлы пікір иесі, қазақ қоғамының толғағы жеткен ең маңызды мәселелері жайында тыянақты ой қозғай алатын ірі ақын-жазушы қатарына көтеріледі. Оның өлеңдері, мақалалары, сындары, әңгімелері «Айқап» журналында көптеп басылады.

Алайда, Сұлтан-Махмұт өзінің жазушылық жолдағы өсуіне қанагаттанбайды. Әсіресе, орысша еркін оқып, жаза білмеуі, орыстың классик ақын, жазушыларын оқый алмауы ақынды қатты қынжылтады. Оның үстіне, қаражатының аздығы, жәрдем көрсетер адамның жоқтығы, оның оқып, білімін тереңдетуіне үлкен бөгет болады. Еліне келіп, бала оқытып, ағарту жұмысын кең жүргізу талабына кіріседі. Бірақ, бұл талабының бірде-біреуі іске аспайды. Елдегі ірі феодал-байлар, Сұлтан-Махмұттың игілікті талабына бөгет жасайды. Мұнан кейін 1915 жылы Семей қаласына келіп, орысша оқымақшы болады. Бұл талабы да іске аспайды. Ақырында, Алтай, Тарбағатай елінде мұғалім больш, бала оқытады да, екінші жағынан, болыстық мектептің оқытушысынан орысша оқыйды. «Школ басқару, бала оқыту, орысша оқу, — әйтеуір, уақыт бос өтпейді. Сондықтан, былтырғыдан гөрі өмірім маңызды (серьезный) болуға айналды» — деп жазады Сұлтан-Махмұт осы кездегі қызметі туралы. Оқумен қатар, Сұлтан-Махмұт көптеген өлеңдер және «Кім жазықты?», «Қамар сұлу» романдарын жаза бастайды.

Қалалы жерде тұрақты орыс мектебінде оқу Сұлтан-Махмұтқа зор арман болады. Осы арманын іске асыру максатымен тағы да Семейге келеді. Бірақ, оқуға түсе алмайды. Тұрмыстың ауыр соқпағы, оның үстіне, тынымсыз қызмет, ақылды қажытады, ауруға шалдығады. Сондықтан, бір жағынан емделу, екінші жағынан, орысша оқу мақсатымен Томск қаласына барады.

Томскіде өткізген өмірі өте ауыр, аянышты болады. Бұл жөнде өзінің былай деп жазғаны бар: «Жұмасына екі ғана обед етемін, құр шай мен нан, киім алғаным жоқ. Кино-вечерлерге бір мәртебе болсын барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным ала қағаздың беті. Халім осы. Сонда да қайғырмаймын. Бір тыйыным қалғанша оқыймын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да көтеремін»...

Әдебиет және искусство,

№4, апрель 1950 ж. (үзінді)