#

Б.КЕНЖЕБАЕВ

«АДАСҚАН ӨМІР»

Быйыл қазақтың мемлекеттік біріккен баспасы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Адасқан өмір» деген дастанын бөлек кітапша етіп шығарды. Кітапша мектеп оқушыларына арналған. Кітапшаның ақырында дастан жөнінде қысқаша түсінік берілген.

«Адасқан өмір» Сұлтанмахмұттың әрі аса көрнекті, аса көркем, әрі аса терең мағыналы шығармаларының бірі. Мұны ол бұдан 27 жыл бұрын, 1918 жылы жазған. Сонда да дәл бүгін жазғандай.

Ақын-жазушының былайғы, қарапайым адамнан өзгешелігі – терең пікір, аталы сөз айту, ойды, сөзді тауып айту, теңеу, салыстыру арқылы қыйсынды, күшті етіп айту, қай кезде болсын, барлық адамның болсын басында болатын мінез-қылықты, хал-жайды, ой-пікірді, көңілге қонымды етіп суреттеу болады. Ақын-жазушының күші, шығармасының құны осыған қарай бағаланады.

Сұлтанмахмұттың шығармаларын әсресе осы «Адасқан өмір» деген дастанынан күшті ақын-жазушы да, құнды шығарма да болуға тиісті бұл хасиеттердің бәрі де табылады. сұлтанмахмұт бұл дастанында өзінің дүниеге, қоғамға көзқарасын айтады, айтқанда оны өзінің затшылдық материалистік жөнімен түсінетінін ашық аңғартады. Ол айтады:

Дүние асылында, ұсақ атомдардан құралған материя. Ол адамның ақыл-ойынан тыс, өз бетімен өмір сүріп келеді, солай өмір сүре бермек.

Дүниедегі түрлі құбылыстар, түрлі мақлұқтар, заттар, соның ішінде адам, адамның ой санасы материяның құбылыс-көрінісі, материяның өсу, дамуы.

Дүниеде, табиғатта адам білуге болмайтын ешнәрсе, ешбір сыр жоқ, тек адам әлі біліп жетпеген нәрселер ғана, тек әлі адам біліп жетпеген сырлар ғана бар. Адам оларды өз мыйының күш-қуатын салып, бірте-бірте білуде, біле бермек.

Адам табиғаттың сырын, заңын білген соң оған әсер етеді, оны өзгертеді, өз игілігіне жаратады. Осымен қатар адамның өз табиғаты да, қоғамдық тұрмысы мен салт-санасы да өзгеріп отырады. Келіңдер, дүниенің сырын, заңын білейік, оны тірлікке жаратайық, дүниені өзгертелік, адам дүниеге осы үшін келген...

Социалистік Қазақстан,

№ 158, 1 август, 1945 ж. (үзінді)