Айқап басқармасына хат
Өткен октябрь жұлдызының 26-сында Троицкідегі «Русско-татарская школдың» бас учителі Латифолла мырза Ғабдулғазизов дүниеден қайтты. 29-шы октябрьде, бейсенбі күні жаназасы оқылып, аса қадір-құрметпен жамбасы жерге тиді. Марқұм ес біліп ержеткеннен бері қарай татар міллетіне көп еңбек сіңірген, сақалсыз балалар былай тұрсын, көп сақалды балалардың көзін ашқан, Троицк шәһәрінде не түрлі жақсылық істерге себепші болған бір кісі еді. Сонысына қарай өлімі де жұртқа қадірлі болды. Медреселерде дәріслер (сабақтар) тоқтатылып, қайғысына ортақтасты. Рухына құран хатым айттырылды. Жаназасына жер қайысқан кісі жиылды. Бас адамдары қабірінің қасында марқұмның қылықтарын сөйлеп, көңіл көздерінен күйікті жасгар моншақтатып, ұмытпайтындықтарына уағада етті. Міне, көздері ашылып, көңілдеріне сәуле кіре бастаған жұрт балаларын оқыту шының қадірін қалай біледі!
Мұнан бір жұма бұрын, 23 октябрьде Қостанай уезі, Оба болысының қазағы Жамалиддин мырза Бейсенов Қазанға ауруын қарата барғаннан қайтып келе жатып, үйіне жете алмай, Троицк шәһәрінде апат болды. Марқұм «Русско-киргизская школаның» заведующиі еді. Қыршын жас (жұмысы) жақсы қазақ балаларының школға кіруіне көп көмегі тиген, қазақшылық ісінде шын мұсылман бір адам еді. Мұның опатын Троицк қазақтарының көбі білмеді. Мұның өлімінің жай қазақтың өлімінен көп айырмасы болмады. Бұл біздің қазақта оқытушының құны не дәрежеде қымбат екенін көрсетеді. Байқаңыз, біздің оқытушымыз қалай көмілді, бізбен туысқан, қатарымыз деп жүрген татардың оқытушысы қалай?
Ердің еңбегін ел білерлік заман бізге де болар ма екен? Біздің еңбекшілерімізге де сондай күн туардағы! Бірақ қашан, қашан? Қайда?