Қандай
Туғандар, жүрген қандай, жатқан қандай,
Жатқан сайын жамбасқа батқан қандай?
Ақ нұрды жарқыраған от деп ұғып,
Білмей жатып таспенен атқан қандай?
Тағы да жүрген қандай, тұрған қандай,
Көңілді заманаға бұрған қандай?
«Сақта» деп қозғалмастан жата беріп,
Шалшықтай күнге қызып құрыған қандай?
Ұмтылып ілгері аяқ басқан қандай,
Пән оқып, тараққиға* асқан қандай?
Басқалар жанын салып ұмтылғанда,
Басымыз шоршып түсіп, қашқан қандай?
Өнерге іші-тысы толған қандай,
Ішінде жаһалаттық* солған қандай?
Жиырма жыл медреседе дауам етіп,
Қапшығы садақаның болған қандай?
Сәлдені оқшырайта киген қандай,
Сүзіліп басты төмен иген қандай?
Алатын тоқты-торым кеми ме деп,
«Батыл»* деп ақиқатқа тиген қандай?
Пітнені үсті-үстіне үйген қандай,
Миллеттен он тиынды сүйген қандай?
Қан қайнап бұл халдердің баршасына
Дәрменсіз дертті болып күйген қандай?