Басқарушы мырза
Осы хатымды журналыңызға бассаңыз екен. Көрмеген азабы, тістемеген қазаны жоқ болып жүріп, «қазақ, ноғай » ұлтына аянбай қызмет көрсеткен өткір тілді, жүйрік қаламды қыршық жас Әкрам мырза Ғалимовтың ойындағысын орындай алмай арманда кеткен қайғысына отты кеңіл, жалынды жүрегімізбенен ортақтаспыз.
Марқұмның ата-ана, туған-туысқан жақындарына: «бәлеге сабыр, қазаға риза қайтесің, құдай ісі; алдыңғы сапарын қайырлы етсін; бір сіздер емес, жұртка керек бала еді» дегенді айтамыз.
«Адам жайын ауылдасы білмейді, істесі біледі» дегендейін, істес болған кісілерімнің ішінде Әкрам мырза сирегірек қолға түсетін бір асыл зат еді. Тек құдай міллетке есесін берсін.
Сұлтанмахмұт Торайғыров.
1913 Троицк қаласы.