МЕЙІРІМСІЗ АЖАЛ

Көңілге қайғы у салып,

Көзден жасты барлатқан,

Жүрекке жара дақ салып,

Жанды ашытып зарлатқан

Уытың күшті, ажал-ай!

Дегеніне жеткізбей,

Қайғыға ойын толтырған.

Ойдағысын еткізбей,

Бірді бірден айырған

Мейірімсіз, шіркін, ажал-ай!

Көңілін жастың мұқатып,

Қайғыға ойын толтырған.

Тамырына оқ атып,

Қызыл гүлді солдырған

Түсің суық, ажал-ай!

Бақытын жастың ашқызбай,

Қапыда алдың, не түсті?

Көңілін жастың басқызбай,

Арманда алдың, не түсті?

Тапқаныңды айтшы, ажал-ай!