ЖАЛЫНУ

Қыздырманың қызыл тіл,

Түбіне жетер соны біл,

Бұл алғашқы ауыр жыл,

Еңбек істе, адал қыл.

Тау басында тұрғанда,

Жарға қарай құлатпа.

Дұшпан өрті жанғанда

Жалынға мені сұлатпа.

Жаны ашыған аярды

Мен білемін ұялтпа,

Ертең-ақ елге жаярды,

Маңайға жақын жуытпа.

Аштан өлсең, әкетай,

Арамға мені қинама.

Сұрасаң қайыр, шешетай,

Мен үшін жемтік жинама.

Мен білемін арамның

Көмейдегі қалтқысын.

Ісі болар наданның,

Ойламасам артқысын.

Бүгін берген қос бие,

Мінуге берген жорғасы

Сол үшін отқа мен күйе,

Кімге айтармын «қорғашы».

Оқымаған ақ көңіл,

Бар адамға сенесің.

Қазулы терең орды біл,

Құласа балаң өлетін.

Қандай жақын маған ол,

Жал-жая беріп күтерлік.

Неткен жомарт, неткен мол,

Жауына жәрдем етерлік.

Ол тәтті тіл алдайтын,

Өлтіруге дұшпанын.

Еліккен аман қалмайтын,

Білмей жерді құшқанын.

Олай болса, әкетай,

Балаңды бекер қинама.

Балам десең, шешетай,

Маңыма құзғын жинама.