АЙТ
Жер жүзін көк шөп басып түрленгендей,
Қызарып бәйшешектер гүлденгендей.
Киініп қыз, келіншек жарқылдайды,
Бір түрлі жаңа тұрмыс түрге енгендей.
Шаттықта өңі ашыңқы бала-шаға,
Оларды есіркейді қамқор ана.
Жастар да өз бетімен қырындап жүр,
Бұраң бел жас сәулемді есіне ала.
Әр үйдің, тілегенге есігі ашық,
Шаттық бар, жамандың ой кеткен кашып.
Сойған қой, берген қымыз құрметіне
Байлар да кердеңдейді алшаң басып.
Аттанған қожа-молда тиын қуып,
Сәлдемен он бес құлаш белді буып.
Мұрт басқан, сүрме тартқан, тырнақ кескен
Дәретпен жып-жылтыр қып бетті жуып.
Жалғыз-ақ дорба асынған кедей кәріп,
Аштықтан өңі кеткен беті де арып.
Әркімдер тиын-тебен беріп жатыр,
Дегенге: «Құтты болсын, айт шәріп!»