ЖАЗЫҚСЫЗ ТАМҒАН ҚАН

13 августа Тарбағатай атанған таудын арғы бетіндегі Қытайға қараған елде едім.

Тарбағатай жотасынан созылып түскен әрбір салалардың арасы сайын сарқырап аққан бұлақ, жағасындағы көгал жер, жырақтарда ақ боз үйлі қазақ ауылдары еді. Біз бұл ауылдарды аралап, біріне қонып, біріне түстеніп жүріп, бүгін үшінші коналқаға Мәсәлім деген бидің ауылында едік. Менің еріп жүрген кісілерім бұл елдердің сыйлайтын ағайындары болғандықтан, олар көрген сый-құрметке мен де ортақ едім.

Түсе сала, қымыз құйылып, 3-4 қабаттап салынған таза көрпелерге отырған соң, аяғымызды көсіліп қарнымызды керіңкіреп, жастыққка шалқайдық. Бір мезгілде үй иесі: «Малға бата қылыңыз» деген соң, үйден сөгіле далаға шығып, үш күннен бергі әдетімізше, бір тай, бір қойға бетімізді сипап келіп отырдық.

Кеш болды. Әлсін-әлі ішіліп жатқан қымыз, желініп жатқан ет. Қымыз денені қыздырған соң уайымсыз, қамсыз мырзаларға да әңгіме, ермек керек болып, біреуді-біреу түрте сөйлеп, қалжындасу басталды.

Мәжілісіміздің ақсақалы Құрбан қажы:

— Балалар, құр қалжың не керек? Газеттерің, қиссаларың болса оқы — деген соң, әр жөнге жетікпін деген пысықшалау біреу:

— Біздің бұл Қытай елінің ондаймен әзір үйірлігі жок. Біреу оңдайды айтып отырса да, құлаққа кірмей, домбыра тартып, бойразға айналғымыз келеді,— деді.

Бұл сөзге біздің мырзалар да қарап отырмай, тұс-тұсынан өздерінің орыс елі болып, оларға қарағанда, ашық пікірлігін көрсетті, ондай-мұндай айтқан болса да, жадағай тыңдаған соң, ұзаспай тоқтады. Сондағы біреу сүйгеніне тие алмай өлген қыздың әңгімесін айтты. Сонан соң манағы ақсақал Құрбан қажы:

— Құрғыр, осындай әдеттердің қате екені рас-ау; менің бала күнімде қыз алып қашқан, осындай бір жігітті түйеге асқызып өлтірді осы Мамытек; бейітін бағана жолда өздерің көрдің ғой,— деп маған қарады.

Мен оны қалайша өлтіргендігін сұрап, ескі қазақшылық мінездері жаза жүруге көңілім бар екенін білдірген соң, ол бір қолымен тасбиғын тарта-тарта, көсілген аяғын жинаңқырап, сөзге кірісті:

— Балам, бұл көріп жүрген елің Мамытек аталады. Мамытек осы 800 үй; үштен біріміз Қытайға қараймыз: көп болса, 30 шамалы жыл болды; кеше, мен болыс күнімде қолымнан бөлген ел осының бәрі. Мамытек ішінде ең жуаны — Атантай, Бортай: міне, Атантайы — біз. Жіңішкесі — Ешке деген ел, анау күнгі Салқынбай ауылнайлар, көрдің ғой, солар — Ешке. Біздің атамыз Кенже мырзамен туысқан.

Тана бидің тұсында сол Ешкенің менімен аттас, Құрбан деген бір жақсы жігіті болды. Біз көрдік қып-қызыл нарттай, жігіттің төресі, жанып тұрған от еді. Сол уакыттағы өз ағайындары Ережеп, Олжеке дейтін кісілер күншілік қылып, оны аяғынан алып жүрді білем. Сол жігіт пысықтық қылып, Тана бидің болып тұрған күнінде, біздің Атантай Шала деген кісінің Мәни деген қызымен көніл қосып жүріпті. Осы күнгі:

Дұғай-дұғай сәлем де ақ Мәниге,

Сағынғанда зар болдым бір көруге!

Екі ортада сары бел, сары жон бар,

Әттең, ат шыдамайды сар желуге!

деген Құрбанның сондағы өлеңі.

Олар Ластыда, біз Терісайрықта отырмыз; арасы 25 шақырымдай, өзің көрген тау ғой.

Ақ Мәни десе, ақ Мәни кісі жұтып қойғандай сұлу еді. Әлгі әңгімедегі қыздай. Бұл екеуінің де серттері қатты болса керек.

Бір күні барса Мәнидің ауылы Жартасқа қонған екен; сезіктеніп, олардың да аңдып жүрген кезі болса керек. Үйге кіруге бата алмай, үйдің желкесіндегі жартаста әрі отырып, бері отырып, таң атуға айналған соң, отырған жерінен бір тасты алып, қыздың тұсына лақтырыпты. Әр-беріден соң, Мәни шығып, келіп жолығыпты: о да ұйықтай алмай жатады екен деуші еді.

Мамытек мың үй болса да осы күнге дейін бірінен-бірі қыз алыспайды ғой. Және Мәни бұрын күйеуге беріліп қойған қыз. Құрбанға Мәниді алудың жалғыз-ақ жолы — алып қашып, елді, жерді көрмей, безіп кету еді. Құрбанды шын ғашықтық бұған да шыдатты.

Әке-шеше, мал-жан, бауырларын мұндағы Мамытектің талау-талқысына тастап, бір күнде Мәниді жабықтан шығарып алып, жол тартты. Құрбан бұл істі істерінде Ешкенің басты адамдарына да білдірген жоқ; бауырларына да ақылдаспапты. Ақылдасса, жуан атаның баласы малымызды жауға, басымызды дауға салады деп, қорқыныш айтатын болған соң оларға да білдірмепті.

Тананың хан болып тұрған заманы. Ешкені қалай тентіретем десе де, қолынан келеді. Тананың сырт ызғарының өзінен қорқып, туысқандары Қалбаның арғы бетіндегі Матай ішіне қуып барып, қыз бен Құрбанды байлап алып келді. Қалба осы арадан 150 шақырым.

Елдің қыз алыспайтын рәсімін бұзғанға һәм Ешке бола тұрып, Атантайдың қызына қол созғанға Тана бидің сүйегі қорланып, Құрбанды өлтіртпей, ашуы тарқайтын болмады. Мен өз тұсымда осындай қорлыққа шыдамаймын. Құрбанды да, Мәниді де өлтіріп, Мәни үшін Ешкеден құн, айып алмай бітпеймін деп жатып алды. Қыз бен жігіт кісенде бір ай жатты. Жұрт жиылыс жасап:

– Мұны қайтушы едің?— дегенде, Тана би:

– Маған салсаң екеуін өлтірем. Болмаса, менің заманымда мұндай болды дегенше мені өлтіріңдер!— депті. Құрбанның ағайындары жұрттың өлтіреріне көзі жетіп, тентегімізді өзіміз өлтірдік дейік, оның қызы үшін құн тартпайық деп, Құрбанды түйеге асқалы байлап, көзін тартып, алып келді. Кешегі өзекті Ши бастау дейді; соның от шапқанда өзіміз отырған қырына жұрт жиылды. Мен сонда он алтыдағы кезім бе екен; әкемнің қасында жүрмін. Бір жағына тас теңдеп түйеге асқалы жатқанда Құрбан қолы байлаулы, көзі тартулы, кісенмен өзектегі біздің жұртқа таман қашып:

«Жұртым-ау! Қаныма ортақ болмасаңдаршы! Мені, тым болмаса, өлтірем деген елдің қолына берсеңдерші! Енді Мәниді өлтіре көрмеңдер», — деп, зар иледі.

Сонда, ағайындары болмай, сүйрелеп әкеп, түйеге аса бастады. Мұны көріп өз әкем Кенже мырза Тана бидің қасына шауып барып:

«Асылғанды кесетін, түйілгенді шешетін, бұрын мұндайға ханнан қалған үлгі, қарадан қалған жол бар ма?» — деп еді. Тана би үндемеді.

Сонда Тананың қасында мына Тортуыл елінің ханы Әлібек дейтін кісі де бар; о да үндемеді. Екеуі бірден үндемеген соң әкем:

- Кесірі өздеріңе болсын! Жүр балам, былай жүрейік,— деп, мені тізгінімнен ұстап, топтан шығарып, ауылға қарай жүрдік. Қалай ауылға біз де жүрдік. Құрбанды асып, түйені желдіртіп жіберді. Түйенің басын жетектеген өзін күндеп жүретін ағайындары: Ережеп, айдаған Олжеке деген кісі. Осы күні екеуінің де тұқымы оңбай кетті.