Туған еліме
Үміт қып менен қарайсың,
Көңіліңе медеу санайсың.
Балалыққа жарасам,
Аталыққа жарайсың.
Қайтейін, елім, қимаймын,
Қия алмай жанды қинаймын.
Қимай қалсам, ішіңде
Тағы тыншып сыймаймын.
Алты қырдан ассам да,
Сөздеріңді сыйлаймын,
Тек қалауым сіздерден:
«Серіктікті» милаймын.
Сіздерге әкеп шашуға,
Ілім, білім жинаймын.
Келді хатың мен шаршап
Отырғанда дамығып,
Хабарыңа бек аңсап
Сүзіліп көңілім талығып.
Сөзіңнен көріп өзіңді,
Құшақтай алдым қамығып.
Кім сүртті сонда көзімді,
Қамықпайын не ғылып?
Сөйлесіп гүлдей жайнады,
Булыққан көңілім тарығып.
Қапалы лебізің айдады,
Гүл самалға малынып.
Хатың болып бір айна,
Қарай қалдым аңырап.
Баяғы Махмұт жоқ, қайда?
Өзімді қаппын жаңылып.
Сарғайған түсі өзгерген,
Шаң басып, кеуіп қақырық.
«Кімсің?» - дейді кез келген,
Достына жалғыз танылып.
Айнадан көріп бұл түсті,
Кете жаздым жарылып.
Қуат бітті бір күшті
Жеңілерлік тағдыр жаңылып.
Мысал етіп бұл жөнге,
Көрсетейін мынаны:
Қуаты күш вулкандар
Сөнгендей біраз тұрады.
Өлусіреп, әлсіреп,
Түтіні кейде шығады,
Булыққан сайын қуатты
Бойына жиып нығады.
Ал, қуатпен атылды,
Кім қарсылық қылады?
Бетін жапқан тау - тастар,
Быт-шыт болып сынады.